Құран сүрелері алжасудан сақтайды
Жасым алпысқа жуықтады. «Күлсең, кәріге күл» демекші, бұрын жасы келіп, ақыл-есі кіресілі-шығасылы болған ата-енемді сөз қылатын едік. Соңғы кездері алжасу өзімізге де таяп қалған сияқтанады. Осы есте сақтау қабілетін қалай жетілдіруге болады?
Бақыт ЕЛБОСЫНОВА, Ақтөбе облысы
Невропатологтардың мәліметінше, адамның есте сақтау қабілетінің бірнеше түрі болады: механикалық түрде, әрекет түрінде, сурет түрінде және дыбыс түрінде есте сақтау. Бұл мүмкіндіктердің барлығын бірдей жетілдірудің амалдары көп. Соның бірі – әр жолы түрлі бояумен боялған бір абзац мәтінді оқып, жаттап, айна алдында қағазға қарамастан айтып беруді әдетке айналдыру. Бұл жаттығу боялған жолдардың әрқайсысының түсін жеке-жеке жаттауға, ол жолдардағы әр сөйлемнің мазмұнын бөлек есте сақтауға және жалпы үзіндінің мағынасын санада қалдыруға бірдей ықпал етеді. Мұндай әдіс адамның ойлау қабілетінің басқа да қырларын дамытуға септігін тигізе алады. Жасы келген адамдардың қара өлең немесе Құран сүрелерін жаттағаны да абзал. Бұған қоса, күрделі де қызықты сұрақтардан тұратын сөзжұмбақтар мен шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорттың зияткерлік түрлерімен айналысудың да пайдасы орасан.