Құйынның екпіні қаншаға жетуі мүмкін?
Құйынның жылдамдығы қаншаға дейін жетуі мүмкін? Тарихтағы ең жойқын құйын қай кезде болған?
Нұржан Әділетов, Ақтөбе қаласы
Құйын – атмосфералық қысымның әсерінен түйдек-түйдек жаңбыр бұлттарында пайда болып, жер бетіне таралатын құбылыс. Әдетте құйынның диаметрі 300-400 метрге дейін жетеді, ал оралған түтік тәрізді пішінінің ұзындығы жер бетінен 1,5-3 шақырымға дейін биіктеуі мүмкін. Түтіктің жоғарғы жағында ауа ыдыраңқы жағдайда болады. Сондықтан газы бар жабық ыдыс құйынмен биікке көтерілгенде, ол ауа қысымының әркелкілігінен жарылып кетіп жатады. Құйынның жылдамдығы секундына 18 метрге жетеді, сағатына 1300 шақырым болуы да мүмкін. Ғалымдар радиусы 1 шақырым, жылдамдығы 70 м/с болатын жойқын құйынның қуатын атом бомбасының энергиясымен теңестіреді. Құйын жыл мезгілін таңдамайды. Тарихта 1917 жылы 26 мамырда АҚШ-та болған торнадо ең жойқын құйын болып саналады. Жеті сағатқа созылған құйын 500 шақырым жерді жайпап, 110 адамды өлтірген.