Қазақ футболының ардагері Тимур Сегізбаевтың бір сұхбатын оқып отырғанымда, «Менің бауырым кезінде «Менің атым Қожа» көркем фильміне түскен» деген жолдарды оқып қалдым. Ол қай бауыры? Қай кейіпкерді сомдаған?
Тимур Бекқожа, Алматы қаласы
Иә, қазақ футболының аңызына баланған Тимур Сегізбаевтың бауыры да атақты. Кезінде «Менің атым Қожа» фильміне түскені де рас. Басқа-басқа емес, басты кейіпкер Қожаны сомдаған. Яғни Нұрлан Сегізбаев ағамыз – абыз Тимур ақсақалдың туған інісі. Бұл жайында әйгілі футболшының өзі былай дейді:
– Әкеміз Санжар кезінде Мәскеуде КСРО Жоғарғы сотының Қазақ КСР бөлімінің төрағасы болған. Кейін «халық жауы» деген жала жабылып, репрессиялық қуғын-сүргінге ұшырады. 20 айдан астам уақыт қамауда болған. Қайда болғанын, қалай азапқа түскені жайлы бізге еш нәрсе айтпайтын. Бір анығы, оның қаншалықты құнды маман екенін білетін басшылар біраз қинаған. Бірақ әкем сол кезде бірде-бір құжатқа қол қоймапты. Кейін ақыры ақталып шыққан. Әкем Санжар мен шешем Жібектен 14 бала тарадық. Екі бауырымыз 1928-1930 жылдардағы ашаршылық кезінде қаза тапты. Төртеуі репрессия кезінде қайтыс болды. Кейін тағы екі бауырымызды жоғалттық. Қазір қалғанымыз мен, Нұрлан, Кәмиля, Жәмиля, Светлана және Ембі. Мен үлкенімін. Нұрлан үйдің кішісі. Бесінші сыныбында атақты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған.
Қожаны сомдаған актер – Тимур Сегізбаевтың бауыры
Последние статьи автора