Қосалқы жұмыс үшін жәрдемақы қалай төленеді?
Егер мемлекеттік мекемедегі қызметкер сол мекемеде өз жұмысымен қатар жарты ставкада қосымша жұмыс атқарса, еңбек демалысымен қоса берілетін жәрдемақы бір ставкаға төлене ме, әлде қосымша жұмыс үшін қоса төлене ме?
Баян ӘУЕЛБЕКОВА, Алматы облысы
Сарапшы маманның мәліметіне қарағанда, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 196-бабына сәйкес, қызметкер өзi еңбек қатынастарында тұрған бiр жұмыс берушiмен (негiзгi жұмыс орыны бойынша), сондай-ақ бiрнеше жұмыс берушiмен де қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасуға құқылы. Негiзгi жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделiктi жұмыстың жиынтық ұзақтығы Кодекстiң 82-бабында белгiленген күнделiктi жұмыс уақытының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиiс. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартында жұмысты қоса атқару жөнiнде сiлтеме болуы мiндеттi. Кодекстің 199-бабына сәйкес, қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы негiзгi жұмысы бойынша демалыспен қатар берiледi. Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы басқа жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс берушi қоса атқарушы – қызметкердiң өтiнiшi бойынша демалыс ұзақтығының айырмасын құрайтын күндерге жалақысы сақталмайтын демалыс бередi. Осыған орай, сауықтыруға арналған жәрдемақы негізгі жұмыс орны (лауазымы) бойынша, сонымен бірге қоса атқаратын жұмыс орны (лауазымы) бойынша төленуі тиіс. Егер лауазымдарды қоса атқарған жағдайда (негізгі лауазым бойынша жұмыс уақытының шегінде), сауықтыруға арналған жәрдемақы төленбейді (қоса атқаратын жұмыс бойынша).