Қора-қопсы тұрғын үйден қанша қашықтықта болуы керек?
Жеке секторда тұрамыз. Көршіміздің қора-қопсылары біздің үйімізге жапсарлас салынған. Әсіресе үйіміздің бір қабырғасы көршілердің тауық қорасына қарап тұр. Осы дұрыс па? Шаруашылық нысандары тұрғын үйлерден қанша қашықтықта салынуы керек? Әлде мұндай жағдай санитарлық талаптарға қайшы емес пе?
Нәзия ЕСЕНБАЕВА, Алматы қаласы
Алматы қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мамандарының мәліметінше, жеке құрылыс салу аймағында мал мен құс бағуға арналған нысандар мен тұрғын үй терезесі арасында 15 метрден кем емес санитарлық алшақтықтың болуы міндетті. Ал басқа шаруашылық нысандарымен арадағы алшақтық 12 метрден кем емес болуы керек. Бұл талап Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Жеке тұрғын үй құрылысы аудандарын жоспарлау мен салу» санитарлық ережесінде жазылған.