Мен осыдан бір жыл бұрын жақын танысыма қолхат арқылы 5 мың доллар қарыз ақша берген болатынмын. Бірақ ол әлі күнге дейін қайтарған жоқ. Сот бұл істі менің пайдама шешкен еді. Бірақ сот орындаушылары оны өндіріп бере алмай отыр. Тіпті оның атындағы гаражды да алып бере алмауда. Не істеуге болады?
Гүлжан ЖАНТАСОВА, Алматы қаласы
Заңгерлердің айтуынша, сот орындаушылары бір мезетте қарыз алушының гаражын сіздің атыңызға аударып бере алмайды. Оны аудару үшін алдымен сот орындаушы гараждың бағалау құнын анықтау қажет, содан кейін оны өткізуге әрекет жасайды (аукцион), ал егер сатылмаған жағдайда сот орындаушы өндірушіге бұл мүлікті өзінде қалдыруға ұсыныс жасауы мүмкін. ҚР «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңының 85-бабына сәйкес, аукцион өткiзiлмедi деп жарияланған жағдайда өндiрiп алушыға бастапқы бағасы жиырма пайызға төмендетiлген бағамен мүлiктi өзiнде қалдыру құқығы берiледi, яғни гараж жылжымайтын мүлік болғандықтан, ол сіздің атыңызға тек аукцион өткізілмеген деп жарияланғаннан кейін ғана өте алады. Егер сіз сот орындаушылар тарапынан құқыңыз бұзылды деп санасаңыз, онда прокуратураға, Әділет министрлігіне немесе сотқа арыз тапсырып, сот орындаушылардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдана аласыз.
Қолхатпен берілген қарыз ақшаны қайтарып алуға бола ма?
Последние статьи автора