Қолтаңбаға қарап, мінез-құлықты шынымен де анықтауға бола ма?
Адамның жазуына, яғни қолтаңбасына қарап, оның мінез-құлқын білуге болады деседі. Осы қаншалықты рас?
Айдын БЕКҰЛЫ, Алматы қаласы
Адамның қолтаңбасына қарап, оның мінез-құлқын ажырататын ғылым – графалогия деп аталады. Бұл ғылымның тарихы ежелгі Грекиядан бастау алады. Ал ғылыми графологияның негізін қалаушы – неміс психологы Клягес. Оның зерттеуінше, адамның жүріс-тұрысы, бет-әлпеті, іс-қимылынан мінезі-құлқын білуге болатыны секілді, оның қолтаңбасы арқылы да адамға тән психикалық ерекшелікті байқауға болады. Сондай-ақ орыс графолог-ғалымдарының ішінде Зуев-Инсаровтың «Қолтаңба және тұлға» атты 1930 жылы шыққан кітабында біршама қызықты деректер келтірілген. Ғалым өзінің еңбегінде өмірден өткен ұлы тұлғалардың және өз заманының белгілі адамдарының қолтаңбаларын зерттеп, олардың мінез-құлқына сипаттама берген. Мысалы, сол жаққа қарай қисайып келетін жазу адамның тік мінезділігін, жан адамға сенбейтіндігін білдіреді. Ал тез жазатын адамның қолтаңбасы оның жылдам ойлайтынын байқатса, әріптері бір-бірінен алшақ болып келетін жазу адамның тұрақсыздығын, қиялилығын білдіреді екен. Бүгінде көптеген елдерде адам қолтаңбасын сараптайтын сот сараптамасының зертханалары бар. Мұнда криминалистер белгілі бір жазудың тек кімнің қолтаңбасы екенін ғана анықтап қоймай, бұл қолтаңбаны адамның қандай жағдайда жазғанын да анықтайды. Айталық, адам жазу жазған кезде ауырып тұрды ма, өте алаңдаулы болды ма, әлде мас кезінде жазды ма, тіпті ол жазуын әдейі өзгертіп жазғанын да сараптама нәтижесі анық көрсетіп береді екен. Кейбір зертханалар жазған адамның ер немесе әйел екенін де анықтайды.