Қоян неге қорқақ?
Қоян жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ал осы жыл иесінің қандай ерекшеліктері бар? Неге оны «қорқақ» дейді?
Данияр Жұмабаев
Қоян – қолда өсіруге көнетін хайуан. Адамзат бағзы заманнан бері оның етін де, терісін де пайдаланып келеді. Ал бүгінде ол – ғалымдар үшін бағалы аң. Себебі әртүрлі тәжірибелер жасау үшін пайдаланылады.
Қоянның ішкі ағзалары адамдікіне өте ұқсас. Сондықтан ғалымдар қоянды түрлі тәжірибе жұмыстарын жасау мақсатында пайдаланады. Мәселен, түрлі дәрі-дәрмектердің адам ағзасына тікелей және жанама әсерлерін анықтау үшін тәжірибе жасайды. Дәрі қоян мен адамға бірдей әсер етеді. Сондықтан қояндікі – барлық дәрі-дәрмектің құрамын, әсер ету факторларын анықтауға таптырмайтын ағза. Әсіресе оны жүйке жүйесіндегі ауруларда, сондай-ақ бауыр, бүйрек, жүрек және тағы басқа ішкі ағзалардың сырқаттарына қарсы егілетін дәрілерді зерттеу мақсатында жиі пайдаланады. Қоянға дәрі егілгенде, оның әсерін құлағындағы қан тамырлары арқылы оңай анықтауға болады. Өйткені бұл қан тамырлары жақсы жетілген әрі жиі орналасқан. Қоянның миы да адамдікіне ұқсас келеді. Алматылық Тихонов деген ғалым қорғасынның адам миына қалай әсер ететінін анықтау барысында тек қоянға ғана тәжірибе жасаған. Негізі, адам мен қоянның миынан эндорфин мен энкефалин деген екі гормон бөлінеді. Эндорфин – қуаныш сезімін, ал энкефалин қорқыныш туғызады. Қоянның миынан, қан құрамынан энкефалин көп бөлінеді. Қоянның қорқақ болатыны содан екен.