Қазір параның орташа көлемі қанша?
Елімізде жемқорлық деректері тыйылмай тұр ғой. Бұл қылмыс қалыпты құбылыс ретінде қала беретін шығар. Сондықтан білгім келетіні – қазір параның орташа көлемі қанша?
Нағима, Ақтөбе қаласы
Экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлық деректерінің көбеюі «орташа пара» деген көлеңкелі ұғымды күнделікті қолданысқа енгізді. Бұған қатысты ресми талдаулар жүргізілмегенімен, 2008 жылы «Нұр Отан» ХДП жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің тапсырысымен Қазақстанның әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығы арнайы мониторинг жариялап, тұңғыш рет пара берудің орташа көлемін анықтап берді. «Орташа пара» – соңғы жылдары жасалған бір сыбайлас жемқорлық келісіміндегі параның орташа мөлшері. Ол түрлі сала бойынша әр алуан анықталуы мүмкін. Айталық, екі жыл бұрын соттар орташа есеппен – 2092 доллар, жер қатынастары жөніндегі шенеуніктер – 1320, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі жоғары лауазымды шенеуніктер – 1050, әскери сала басшылары – 820, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы басшылары 764 доллар көлемінде пара алған. Биылғы орташа айлық жалақы көлемінің өсуін ескерер болсақ, орташа пара көлемі де соншалықты көбейетіні сөзсіз. Айта кетейік, көрші Ресейде биыл орташа пара көлемі 44 мың рубльді құрап отыр.