Менің ұлым қазақ күресіне қатысады. Спорттың осы түріне арналған киімі бар.
Мұқан СӘКЕНОВ, Алматы қаласы
Қазақ күресіне арналған балуан киімі күні кешеге дейін болған жоқ. Кім нені қолайлы деп тапса, соны киіп белдесетін. Осы жайды ескерген Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Елемес Әлімханұлы 1996 жылы алғашқы арнайы қазақ күресі киімінің үлгісін әзірледі. Оның айтуынша, көптеген киім үлгісін сынақтан өткізу барысында қазақ күресіне қолайлы нұсқа ретінде «Торғауыт», «Қаттау» үлгісіндегі батырлық сауыты таңдалды. Жаңа балуан киімі қазақ күресінде қолданылатын күрделі әдіс-тәсілдерді белдесу кезінде жиі қолдануға ықпал еткен. Арнайы мықты матадан тігілген кеуде киімінің жеңі шынтақ буынына жететін қысқа, етек ұзындығы жамбасты толық жауып тұрады. Шалбарының балағы тізеге жетеді. Белге алып денені екі орауға еркін жететін белбеу байланады. Балуанға қолайлы арнайы аяқкиім де бар.