Қазақтың тұңғыш режиссер қызы кiм?
Биыл мектептi бiтiремiн. Ата-анам менiң экономика саласының маманы болғанымды қалайды. Ал менiң арманым – кино. Кино дегенде де, актриса емес, режиссер болғым келедi. Солай деп өз ойымды айтып едiм, ата-анам «режиссерлық қыз балаға қол емес, қандай әйел режиссердi көрiп ең?» дейдi. Шынында да айтыңыздаршы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсiби режиссер қыз кiм?
Жайна ЖҰМАНҚЫЗЫ, Шымкент қаласы
Қазақ әйелдерi арасынан шыққан тұңғыш кинорежиссер – Дариға Тiнәлина. Аты әлемге танымал кинорежиссер А.Довженко Дариға апамызды: «Кеңестiк Шығыстың тұңғыш әйел-кинорежиссерi» деп ерекше бағалаған. Дарыны мен өнерiнiң алдында бас иген. 22 жыл «Мосфильм» киностудиясында тер төккен Дариға Тiнәлина ұлы итальян режиссерi Федерико Феллинимен, француз киноактерi әрi күмiс көмей әншiсi Иво Ливимен, КСРО халық әртiсi Иван Пырьевпен иықтаса жүрiп, қызмет еткен. 1940 жылы М.Донскойдың «Романтиктер» атты фильмiне түскен Дариға апамыз – «Салтанат», «Қияндағы қыстауда», «Айрықша маңызды тапсырма» фильмдерiнiң режиссерi, кәнiгi киношебер. Осында жүрiп Эйзенштейн, Сергей Герасимов, Әбдiлдә Тәжiбаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов сынды тұлғалар туралы деректi фильм жасаған кинорежиссер апамыздың жасы бүгiнде 88-де. Алматы қаласының Самал мөлтекауданында тұрады. Дариға Тiнәлина жайлы бұдан да толық бiлгiңiз келсе, онда ол кiсiнiң өз шығармашылық ғұмыры жайлы жазған «Ақ-қара түстi кино» атты кiтабын тауып алып оқуыңызға болады.