Қонақтарға мал сою
Қазақ халқы сыйлы қонақтарға міндетті түрде мал сойып беріп күтеді. Алайда, малды қалай болса солай соя бермейді. Мал союдың да өзіндік жол-жосыны бар.
Мысалы, союға дені сау, семіз, қысырын таңдайды. Буаз, арық-тұрақ, кем-кетік малды қонаққа соймайды. Егер мал таңертеңгі өріске шықпай союға тура келсе, онда, сойылатын малды алдымен суарып немесе аузына шөп қыстырып бауыздайды. Өтпейтін пышақпен бауыздап жанын қинамайды. Соятын малдың төрт аяғын мықтап байлап, онан соң, басын құбылаға қаратып: «Бісміллə, Аллаhуакбар» деп бауыздайды. «Бісміллə» айтылмай бауыздал ған, өздігінен өлген (арам өлген), ауырып, буынып, құлап, уланып өлген жəне бөгде діндегілер бауыздаған малдың етін «арам» деп, жемейді.
Қазақ халқы əйелдер мен қыздарға мал бауыздатпайды. Себебі, əйел – ана. Ол кіршіксіз мейір-шапағат иесі, қатыгездік пен қантөгіс əйелдер үшін жат қылық деп есептейді. Алайда, ауылда бір мал құлап, буынып немесе жылан шағып, оған табан астында өлу қаупі туылып, оны бауыздайтын еркек кіндікті болмаса, онда əйелдер дəрет алып, онан соң, алдына көлденең бақан (ағаш) тастап немесе бақанға мініп тұрып: «Бісміллə, Аллаhуакбар» деп, өлгелі жатқан малды бауыздауына болады. Бұл олардың ешқандай қатігездік пен қантөгіске бармаймын, амалсыздықтан осындай іске барып отырмын, оған алдымда жатқан мына бақан куə дегені.
Қонаққа бас тарту салты
Үйіне келген сыйлы қонақтарға мал сойып, оның басын тарту қазақ халқының ең жоғары сыйы болып есептелінеді. Бұл келген қонағына: «Сізден мал-жанымды аямаймын» деген шексіз адалдығы мен қонақшылдығын білдіреді. Алайда, басты қалай болса солай тарта бермейді. Оның да өзіндік жол-жосыны бар. Мысалы, қой сойса басын əбден үйтіп, жағын айырып таза жуып, бауыздауындағы бездерін əбден алып, езілтпей пісірген соң, ет жасағанда оның маңдайын тігінен бір, көлденеңінен бір тіліп, табақтағы жасаған еттің үстіне қояды. Бұл «бастың жолын ашу» делінеді. Оның мəні: дүниенің қай бұрышына барсаң да жолың ашық, төрт түлігің сай болсын дегендік. Келген қонақ бастың осы белгісіне қарап, үй иесінің кісілігі мен өзіне деген сый-құрметін бағалайды. Ал, басты табақтағы етпен бірге қонақтың алдына қоярда, бастың тұмсық жағын қонаққа қарсы қаратып тұрып: «Əумин!» деп бата сұрайды. Қонақ батасын берген соң, алдына қойған басты сол қолымен алып, бастың оң жақ езуінен (малдың мінер жағы) бір кесіп алып өзі ауыз тиіп, онан соң, екі жағында отырған табақтас екі адамға екі кесіп ауыз тидіріп, онан кейін бастың бір құлағын кесіп алып: «сөз тыңдағыш, құйма құлақ бол» деген ниетпен сол үйде отырған балалардың ең кішісіне береді де, басты үй иесін шақырып қайтарып береді. Бұл «сый-құрметіңе рақмет» деген мəнді білдіреді. Одан соң, жамбас пен жіліктің еттерінен біраз турап алып: «төр табақтан сыбаға» деп, үй иесінің əйелі немесе келініне жамбас пен жіліктің бірін ұсынады. Сыбаға ұсынған адам ата жолындағы қадірменді кісі немесе ата-енесі болса, онда, келіндер сəлем жасайды. Ал, ірі қараның басы болса, онда оның терісін сыпырып, тұмсығын кесіп, қақ шекесінен бөліп пісірген соң, бата жасаған адамға (қонаққа) оң жақ жарты шекесін тартады (ірі малдың басын бітеу тарту көргенсіздік саналады). Қонақ оның оң жақ езуінен кесіп өзі ауыз тиіп жəне екі жағында отырған екі табақтасына екі жапырақ кесіп ауыз тиген соң, үй иесіне қайтарып беру керек. Қонақтың тартқан басты мұжып алуы тексіздік, тəрбиесіздік саналады. Тіпті, ол үй иесіне «сенің жауыңмын» дегенді аңғартады.
Қазақ салтында, сыйлы қонақ өзінің жол серіктері мен атқосшылары басқа табақта отырса, оларға өз табағынан ет-май алып, оларға жəне өзімен дəмдес болып отырған басқа адамдарға да ет-май асататын дағды бар. Міне, осылардың барлығы ұрпақтарға бір-бірлеп мұқият үйретіледі.
Сыйлы қонақтарға мал сойып, бас тартудың үлкен ғылыми мəні бар. Қазақ ұғымында: бас – ерекше қасиетті, қастерлі нəрсе, адам өмірге баспен келеді, бүкіл денені бас меңгереді, күллі жақсылық пен ақыл-парасат бастан шығады деп қарайды. Сондықтан да қазақ халқы қонаққа мал сойып, бас тартуды ең жоғары сый-құрмет санайды.