Қазақтың байларында қанша мал бар еді?
Қазақ байлықты малмен өлшеген ғой. Ең бай деген қазақтың мал саны қаншаға жеткен?
Қайрат ҚУАНДЫҚҰЛЫ, Семей қаласы
Бай деп қазақ адамның әл-ауқаты жоғары адамды ғана емес, бір рулы елді басқарып, сол елдің түгел экономикасы, көңіл күйіне әсер етіп отырған ерекше жандарды атаған. Ал енді тура мағынасына келсек, қазақ байлықты қолдағы ұсақ малмен емес, ірі қара, оның ішінде жылқы санымен өлшеген. 5000-нан жоғары жылқысы бар адамды бай есебіне жатқызған. Орыс зерттеушілері еңбектерінде өз жылқыларының санын да білмеген қазақтардың болғанын жазады. Айталық, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Баянның әкесі Қарабайдың жылқылары 90 мыңнан асып жығылғаны жазылады. Француз ғалымы Гуттен Чапский «Қазақтардың жылқы табындары ғаламат үлкен, бай иеліктерінде 8-10 мыңнан бастап жылқы болса, кедейлердің өзінде 20-дан кем болмаған» деп жазады. Ал әйгілі Шоқан жазбаларында арғын ішіндегі Сапақ байда 18 мың, қаржас Азнабайда 25 мың жылқы болған деген деректер бар. Осындағы Сапақтың жылқыларынан да бөлек, толып жатқан түйесі, мыңғырған ұсақ малы болған. Жүз шақты малшы ұстаған Сапақ бай көшкенде 150 түйеге жүк артқанға ұқсайды. Ал Алда мен Жұман атты байларда 23 мың жылқы болыпты.