2022 жылдың қорытындысы бойынша Түркияда жылжымайтын мүлік сатып алған өзге елдердің азаматтары рейтингінде Қазақстан алтыншы орынға ие болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Tengritravel.kz -ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Түркияның қоршаған орта және қала жоспары министрі Мұрат Курумаға жіберілген депутаттық сауалдың арқасында белгілі болды.
Министр көрсеткен мәліметке сәйкес, 2022 жылы Түркияда шетелдіктерге 75 185 жылжымайтын мүлік нысаны сатылған. Оның ішінде 70 874 нысан тұрғынжай немесе жұмыс орындар, ал 4 311 нысан - негізгі жылжымайтын мүлік, оған жер, жүзім бақтары немесе бақ кіреді.
Шетелдіктерге сатылған жылжымайтын мүліктің негізгі үлесі бір жыл ішінде 8,3 миллион шаршы метрге жетті. Түркиядағы жылжымайтын мүлікті 2022 жылы 159 елдің азаматы сатып алғаны айтылады.
Қазақстан жылжымайтын мүлік сатып алу бойынша елдер арасында алтыншы орынға ие болды - 2022 жылы қазақстандықтар 2 557 тұрғын үй сатып алды.
Сонымен қатар, рейтинг көш басында ресейліктер тұр - 17 143 нысан сатып алған. Одан кейін Иран (9 023), Ирак (6 409), Германия (3 211) және Украина (2 593) азаматтары келеді. Ауғанстан жылжымайтын мүлікті сатып алу бойынша елдер тізімінде 7-орынға ие болды (2 271), одан кейін Кувейт (889), АҚШ (609) және Әзірбайжан (515). Тізімде Сейшел аралдары мен Мозамбик те бар.
Осыған дейін Түркиядағы жылжымайтын мүлік агенттері жер сілкінісі пәтер құнына қалай әсер ететіні айтылған еді.