Елімізде СПИД-тің алдын алу шаралары ұдайы жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда «ғасыр обасы» атанған осы дертке шалдыққандар қатарының азаятын түрі бар ма?
Нұрболсын Сырымов, Ақтөбе қаласы
ҚР Статистика жөніндегі мемлекеттік агенттік мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде ВИЧ инфекциясын жұқтырған 12 807 адам бар. Өкінішке қарай, иммунитет тапшылығы кеселіне жаңадан шалдығу деректері жыл сайын көбейіп келеді. СПИД-пен күрес және оның алдын алу жөніндегі республикалық орталық дәрігерлерінің есебіне қарасақ, былтыр республика бойынша ВИЧ-ті 2318 адам жаңадан жұқтырса, биылғы тоғыз айдың ішінде бұл ауру белгісі тағы 1500-ге жуық адамның бойынан табылып отыр. Қазақстан халқы санының бар болғаны 16 миллионнан астам екенін ескерсек, ВИЧ инфекциясын жаңадан жұқтырушылар қатарының жыл сайын орташа есеппен екі мың адамға көбеюі – дабыл қағарлық жағдай.