Қазақстанда мұсылмандар 47 пайыз ба еді?
ТМД бойынша Қазақстан мұсылмандар саны жағынан нешінші орын алады?
Эльдар ИГЕМБЕРСІНОВ, Алматы
REGNUM ақпараттық агенттігінің мәліметіне сенсек, ТМД шеңберінде Қазақстан мұсылман жамағатының саны бойынша 4-орын алады, яғни елімізде
7 131 346 мұсылман бар екен. Бұл – Қазақстан халқының 47 пайызы мұсылман деген сөз. Алайда дінбасылар елімізде 70 пайыздай мұсылман бар деп жүргенде, бұл дерек күмәнді сияқты. Қалай дегенмен, бұл REGNUM агенттігінің дерегі ғана.
ТМД аймағында мұсылман жамағаты ең көп ел – Өзбекстан. Көрші ала шапанды ағайынның 89 пайызы, яғни 23 897 563 адам – мұсылман. Екінші орында Ресей халқының 15 пайызы, яғни 21 513 046 адам өзін мұсылман санайды. Халқының 93,4 пайызы, яғни 7 584 311 адам ислам дінін ұстанатын Әзірбайжан елі үшінші орынға жайғасты. Одан әрі бесінші орындағы Тәжікстанда 6 805 330 адам (95 пайызы), алтыншы орындағы Түрікменстанда 4 407 352 адам (89 пайызы) және жетінші тұғырға тұрақтаған Қырғыз елінде 4 117 024 адам (80 пайызы) өздерін мұсылманбыз дейді.