Парламенттік және президенттік басқару дегенді білемін. Ал Қазақстан қандай басқару түрін таңдаған? Бізді кейбіреулер «президенттік» десе, енді бірі «суперпрезиденттік» ел деп атайды екен. Нақты жауап берсеңіздер екен.
Парламенттік республикада заң шығарушы органның құзіреті кең болады. Мысалы, Италия, Түркия, Германия, Грекия, Голландия, Бельгия, Ұлыбритания, Израиль т.б. мемлекеттерде осы басқару түрі енгізілген. Бұл елдерде атқарушы билік – үкімет президенттің емес, парламенттің алдында ғана есеп береді. Парламент кез келген сәтте президентке импичмент жариялап, үкіметті таратуға құқылы. Және елдің жоғарғы лауазымды тұлғасы президент емес, премьер-министр болады. Сайлау пропорционалдық жүйемен өткізіледі. Ал президенттік республикаларда елдің сыртқы және ішкі саясатын президент айқындап, үкіметтің есебін тыңдайды. Яғни атқарушы биліктің барлығы мемлекет басшысының құзіретіне беріледі. Латын Америкасы елдері мен посткеңестік мемлекеттердің дені осы басқару түрін таңдаған. Еуропада Франция – президенттік республика. Сонымен қатар осы екі басқару түрінен басқа аралас республикалар да бар. Парламент пен президент билікті бөліскенмен, кей жағдайда мемлекет басшысы заң шығарушы органды таратып, кезектен тыс сайлауды белгілей алады. Мұндай елдерге Португалия, Армения, Литва, Украина, Словакияны жатқызуға болады. Кейбір сарапшылар Ресейдегі билікті де «аралас басқару» деп атайды. Ал 2007 жылғы мамыр айында Конституциямызға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстан да осы басқару түрін таңдады.