Қазақ спортының брендтері
Шүкір дейміз, соңғы кездері ел спорты бұрынғыға қарағанда жақсы қарқынмен дамып келеді. Шетелдіктерге мақтанып көрсетер спортшыларымыз да, спорттық кешендеріміз де, командаларымыз да көп. Дегенмен, менің сұрайын дегенім, осылардың ішінде қазақтың брендіне айналғандары бар ма?
Еркін ҮСЕНБАЕВ, Қызылорда қаласы
Өзіңіз атап көрсеткендей, бұл салада мақтан тұтарларымыз аз емес. Мәселен, қазақ елінің брендіне айналған спортшыларымыз да бар. Олардың қатарына кәсіпқой бокстағы Василий Жиров, Геннадий Головкин. Бейбіт Шүменов сынды саңлақтарды қосуға болады. Шынымен де, ойлап қарасаңыз, шетелдіктердің «Шүменов» немесе «Головкин» десеңіз, бірден «О-о-о, Қазақстан!» деп, танып шыға келетіні сөзсіз. Кезінде әлемді мойындатып, қарсыластарының басын идірген Владимир Смирновты да бүкіл әлем Қазақстан азаматы ретінде таниды. Сондай-ақ бұлардың қатарына Серік Сәпиев, Илья Ильин, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова және Жансая Әбдімәлікті де қосуға болады. Қазақ елінің брендіне айналған командалар ретінде бірінші кезекте «Астана» велоклубын айтамыз. Қай елдегі жарыстарға қатысса да, бұл ұжымның жанкүйерлері табылып жатады. Сонымен қатар, «Барыс» хоккей клубы мен «Астана» баскетбол клубы да еліміздің брендіне айналып үлгерді. Спорт кешендерімізден, сөз жоқ, «Медеу» мұзайдыны мен «Астана-Арена» стадионы спорт әлемінің басым бөлігіне таныс. Жақын болашақта Ақ Азиададан қалған ареналарымыз да Қазақстанның брендтеріне айналатынына сенім мол.