Қазақ спорт журналистикасы туралы айтылғанда Сейдахмет Бердіқұловтың есімі жиі аталады. Ол кісі туралы қысқаша мәлімет берсеңіздер.
Нұрбек, Ақтөбе қаласы
Сейдахмет Бердіқұлов (1933-1994) – қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы, белгілі жазушы-публицист. Ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қарақастек қыстағында дүниеге келген. 1956 жылы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. 1965-1970 жылдары – «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің редакторы, 1970-1986 жылдары – «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің редакторы, 1986-1994 жылдары «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды.
Әдебиетке 60-жылдары келген Сейдағаң қарымды қаламгер, шебер журналист ретінде негізінен спорт тақырыбында көп еңбек жазды. Шығармалары бірқатар туысқан халықтар тіліне аударылған. «Егеулі найза», «Жұмыр жерде теңбіл доп», «Аспаннан шұға жауған күн» атты қазақ оқырманына жақсы таныс бірқатар кітаптың авторы.
Бірнеше жылдан бері елімізде БАҚ өкілдері арасында жыл сайын мамыр айының алғашқы аптасында дәстүрлі түрде С.Бердіқұлов атындағы шағын футболдан турнир ұйымдастырылып келеді. Бүгінде Сейдахмет ағаның ізін қуып ұлттық спорт журналистикасының көрігін қыздырып отырған Несіп Жүнісбайұлы, Есей Жеңісұлы, Амангелді Сейітханов, Жандос Айтбайұлы сынды әріптестеріміз бар.
Қазақ спорт журналистикасының негізін салған
Последние статьи автора