Қазақ өлеңінің құрылысы қандай?
Қазақ өлеңдерінің құрылысы ғылыми тұрғыда қалай зерттелген? Қазаққа тән өлең құрылысы қандай екенін білсем деп едім.
Айбын БЕК, Орал қаласы
Әлем әдебиетінде қалыптасқан өлең жүйелерінің ішінде (метрикалық, силлабо-тоникалық, тоникалық) қазақ өлеңіне силлабикалық өлең жүйесі тән екендігін, сондай-ақ қазақ поэзиясының ырғақтық-екпіндік байлығын молынан пайдалана біліп, өлең өрнектерін дамытып, байытуға зор үлес қосқан Абай екендігін алғаш рет дәлелдеген – А.Байтұрсынов. Абай жаңа өлшем, шумақ, ұйқас түрлерін орнықтыруда асқан шеберлік көрсетіп, бұрыннан белгілі, көп тараған өлшем-өрнектерді, айшықтарды керек жерінде жаңаша түрлендірді. Абайдан кейін бұл дәстүрді дамытқан – С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, І.Жансүгіров. Академик З.Ахметовтің пікірінше, қазақ өлең-жырларында жеті буынды тармақ (4 буын – 3 буын) пен сегіз буынды тармақ (3 буын – 2 буын – 3 буын) ежелден еркін араласып келе береді. Халықтық поэзиядағы ең көне өрнектердің бірі – жыр өлшемінде осындай жеті-сегіз буынды тармақтар қолданылады. Әдетте эпостық дастандар (жырлар) мен толғау, терме секілді ықшам, желдірмелі әуенмен айтылатын, тармақтары жеті-сегіз буынды болып, түйдектеліп келетін шығармалар жыр деп аталып жүрді. Сондай-ақ жыр дегенді эпостық поэзияға тән өлең түрі деген мағынада да айта береді. Жырмен қатар, халық поэзиясында аса кең тараған өлшем – 11 буынды өлең (4 буын – 3 буын – 4 буын немесе 3 буын – 4 буын – 4 буын). Бұл өлшем халықтық ән-өлеңдерде, айтыстарда, дастандарда, лирикалық өлеңдердің көпшілігінде қолданылған. Қазақ поэзиясында ең көп пайдаланылатын өлең өлшемдері жеті буынды, жеті-сегіз буынды, 11 буынды болады.