Қазақ баспасөзіндегі ең алғашқы жарнама қашан пайда болды?
Қазақ баспасөзінде ең алғашқы жарнама қашан берілгені туралы білгім келеді.
Тұрдыбек, Жезқазған қаласы
Жалпы, бұл сұрағыңызға жауап беру үшін 1870 жылдың 28 сәуірінде шыққан «Түркістан уәлаяты» газетінің («Туркестанские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде жарық көрген) бірінші санындағы «Түркістан уәлаяты» газеті туралы қазақ тіліндегі алғашқы жарнаманы айтуға болады. Тіпті сол нөмірде газетте жарнама-хабарларды берудің ақысы да жазылған. Мәселен, сол кезеңдегі баға бойынша, бірінші беттегі жарнаманың құны – 10 тиын, соңғы беттегі жарнаманың құны 5 тиын деп белгіленіпті. Бірақ та жарнама ұғымы арабтың «иғлан» және орыс тіліндегі «объявление» деген сөздермен берілген. «Түркістан уәлаяты» газетінің қазақша бөлімінің жабылуына байланысты Дала генерал-губернаторының органы ретінде Омбы қаласында 1888 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Дала уәлаяты» газеті шыға бастады. Зерттеушілер «бұл газеттегі ең көп таралған жарнама хабарлары жаңа кітаптар жайында еді» деп жазады. Сонымен қатар аталған «Дала уәлаяты» газетінде әрбір қазақ даласында ашылған жаңа мектеп, школа, медресе жөнінде дер кезінде жарнама хабарларын беріп отырған.