Қауіпті спорт түрлері қандай?
Жақында фристайлдан әлем кубогын тамашалап едім. Спортшылардың секіріп, түрлі трюк жасағанын көріп, олардың жарақат алу қаупі көп екендігін байқадым. Бір қарағанда, өте қорқынышты екен. Сіздерден спорт әлемдегі ең қауіпті спорт түрлері туралы сұрағым келіп отыр.
Нұрислам Мейрамбек, Маңғыстау облысы
Бүгінгі таңда әлемдегі ең қауіпті спорт түрлерінің көшін бейсджампинг бастап тұр. Парашют арқылы көпір, антенна, биік ғимараттардан жерге секіру негізгі ережесі саналатын спорт түрінен келген адам шығыны да көп. Қауіптілігі жөнінен екінші орында хелискиинг деп аталатын спорт түрі тұр. Биік тау басына тікұшақтан секіріп түсіп, шаңғымен төмен қарай заулайтын адамдар ең бірінші кезекте тәжірибелі және батыл жүректі болуы тиіс. Хелискиингпен көп жағдайда сноуборд және тау шаңғысына маманданған спортшылар шұғылданады. Кейв дайвинг пен кәдімгі дайвингтен келер қауіп те мол. Су астындағы үңгірлер арасына саяхат жасауға негізделген кейв дайвинг те, түрлі теңіз жыртқыштарымен бетпе-бет келетін кәдімгі дайвинг те – нағыз жүрек жұтқандарға арналған спорт түрі. Бұқалар мен адамның айқасы, сондай-ақ теңіз бетінде тақтайшамен жүзу (серфинг) сынды спорт түрлері де өте қауіпті болып саналады. Миллиондаған жанкүйері бар футбол мен велоспорт, сондай-ақ хоккей де қауіптілігі жоғары спорт түрлерінің қатарына жатады.