Қауіпсіздігіңе кепілдік беретін елдер
Жер бетінде қылмыс болмайтын, адамдары кенет қазаға ұшырамайтын ел жоқ екені белгілі. Соған қарамастан қай мемлекетті «өмір сүруге ең қауіпсіз ел» деп атауға болады?
Нұрлан ЕСКЕНДІР, Алматы
Әлемнің көптеген елдері қылмыс атаулыны ауыздықтай алмай отыр. Адам өміріне қауіпсіз елдердің рейтингісі, ең алдымен, елдегі қылмыстық көрсеткіштердің төмендігімен есептеледі. Сол бойынша қарағанда әлемнің ең қауіпсіз елі Исландия екен. Бұл елдің азаматтары заңды ерекше құрметтейді. Қылмыстық көрсеткіштер өте төмен. Тіпті қылмысқа барған азаматтарының да қоғамға қаупі аз деп бағаланады. Сондықтан бас бостандығынан айырылғандар демалыс күндері үйлеріне жіберіледі. Екінші орында Ирландия тұр. Бұл ел Еуропа бойынша қасақана адам өлтіру оқиғасы ең аз болатын ел. Алғашқы бестікке Кипр, Дания және Жапония кіреді екен. Халық санының көптігіне қарамастан, жапондар ұрлық-қарлыққа бейім емес елдердің қатарында. Тіпті қымбат бұйымды өзіңіз жоғалтып алсаңыз да ізін тауып өзіңізге қайтарылуы бек мүмкін. Бұл көрсеткіш бойынша алғашқы ондыққа Люксембург, Норвегия, Швейцария, Сингапур және Жаңа Зеландия да кіреді.