Бала міндетті түрде өз-өзін жоғары бағалай алуы керек. Әйтпесе, ол өзіне сенімсіз, бақытсыз тұлға болып өсіп шығады. Өзін-өзі бағалау туралы түсінікті жақсы білмейтін ата-аналардың өзі осылай ойлайды. Бірақ, баланың өзі туралы жақсы баға қалыптастыруы үшін қарапайым, бірақ өте маңызды ережелерді орындамайды. Психолог Вита Малыгина баланың өзін-өзі бағалай білуі қандай қағидаларға негізделгені туралы айтып береді.
Тақырыпты аздап өзгертейік: баланың өзін-өзі бағалауы адекватты, шектен аспаған және жел соқса, толқып құлап қалмайтындай тұрақты болуы керек. Яғни, басқа адамдардың абайсызда немесе әдейілеп айтқан сын сөздеріне бола жүні жығылып, еңсесі түсіп кетпеуі керек.
Өзін-өзі бағалау – бұл адамның өзін, бойындағы қасиеттерін дұрыс бағалап, осы бағалауға сүйене отырып өмір сүріп, алға жылжуы. Дұрыс бағалау қателесуге мүмкіндік береді. Бірақ, адамның өзін-өзі кінәлап, жегідей жеп қоюына жол бермейді. Ол қателіктен – тек тәжірибе жинайды. Өйткені, кемшіліктен Жаратушы ғана пәк. Адекватты өзін-өзі бағалаудың тағы бір ерекшелігі – оның шынайылығы. Біз ешқашан қателеспейтін және ешнәрседен қорықпайтын Жаратушы емеспіз. Балаларымыздың да соны біліп өскені жөн.
Бірақ барлық отбасы өзін-өзі бағалау дегенді дұрыс түсінбейді. Олар балаларын жөн-жоқсыз мақтап, басқалары сенің шаңыңа да жуымайды деп қолпаштай береді. Ал өзін басқалардан жоғары санап өскен баланың алдынан қиындықтар шыққан кезде, бірден сағы сынады. Мұның адекватты өзін-өзі бағалауға еш қатысы жоқ.
Егер ата-анасы баласының қабілетін артық бағалап, мақтай беруді шешсе, (немесе солай болып қалса) онда баланың өзі елеусіз қалады. Баланың басындағы қиындықтар, қорқыныштар, толқулар, бәрі-бәрі есепке алынбайды. Тағдыр маған өз қабілетіме лайық сиын бермеді деп, тағдырға нала айтып отыратын отыздағы балалар осылай қалыптасады. Құр мақтау олардың бойындағы адекватты өзін-өзі бағалауды қалыптастыра алмады.
Мұндай жағдайдың алдын алу үшін не істеуіміз керек?
1. Балаларыңыздың жауапкершілігін өз мойныңызға алу. Иә, шешімді олар емес, сіз қабылдайсыз.
Ата-ана екенбіз, балаларымызбен қанша ақылдассақ та, шешімді біз қабылдаймыз. Бала қай мектепке барады? Ұстазымен сөйлесу керек пе, жоқ па? Барлық шешімді біз қабылдаймыз. Бірақ, ең жаманы – ата-ана өзі қабылдаған шешімді балаларына әкеп тіреп қоюы:
– «Ол сондай тілазар, сондықтан балабақшаға жібермейміз».
– «Балаларға жақсы болғандықтан, ажырасып кеттік».
– «Қызым әкесін қатты жақсы көргендіктен, ажырсақан жоқпыз».
– «Баламды ұйықтату мүмкін емес, айтқаныма көнбейді».
– «Оның қолынан планшетін ала алмаймыз, жылап, әлек салады».
Баласына деген жауапкершілігін сезінгісі келмейтін ата-ананың айтар сылтаулары осындай болады. Жоқ, бәрі сіз ойлағандай емес:
– Балаңыз сіз жібермегендіктен балабақшаға бармайды.
– Өздеріңіз солай деп шешкендіктен ажырасып кеттіңіздер.
– Ажыраспау себебіңіз де сол, ондай шешімді бала емес, ересектер қабылдайды.
– Баланы ұйықтата алмай жүрген себебіңіз, ол сізге көнбей жатқан жоқ, сіз бірнәрсені көре алмай тұрсыз, оны түсінбей, не істеу керегін білмей тұрсыз.
– Сіз қызыңызды қалай жұбату керегін білмегендіктен және оның көз алдында жаман ана болып көрінгіңіз келемегендіктен, планшетті ала алмайсыз.
Баласының өзін-өзі дұрыс бағалауын қалайтын ата-ана ең бастысы – «елеусіз» болса да, өзінің қателесіп тұрғанын білсе де, бірнеше жылдан кейін баласы оны есіне салсада, өз шешімі үшін жауапкершілікті сезіне білу керек.
Баланың өзін-өзі бағалай білуінің іргетасы да осы. Үміт ешқашан сөнбек емес. Өйткені, ата-ана не істеу керегін жақсы біледі.
2. Балаңыздың табысына ғана емес, өзіне де көңіл аударыңыз
Біраз жыл бұрын педагог Симон Соловейчик «Бәріне арналған педагогика» деген кітапша жазған. Өте жақсы кітап. Әр түн сайын оқуға болады. Оның керемет үш әсері бар: адамды шабыттандырады, алып-ұшқан көңілін сабасына түсіреді және ой салады. Бір қызығы, оның оқырмандары да екі топқа бөлінеді: біреулері кітапты бас алмастан оқып шықса, біреулері әр он бет оқыған сайын «іліп алар ешнәрсесі жоқ» деп түк түсінбей отырады. Мен мұны былай түсіндірер едім: бірінші топтағыларға балалармен бірге қызықты. Тіпті, кейде балалары үшін қатты уайымға салынып кетеді. Ал екінші топ үшін балалардың еш қызығы жоқ. Тіпті, өз баласына да қызықпайды. Ондай жағдай кездесіп тұрады. Сандарды, салпыншақтарды, музыканы, сөздерді жақсы көретін адамдар болады. Бірақ, оларға адам баласы түк қызық емес. Балалар өссін, сандарға, музыкаға қызықсын. Олармен сол кезде сөйлесеміз деп ойлайды.
Бала өзіне сенімді болып өсу үшін, оның неге қызығушылық танытатынын білу керек
Ол үшін тек уайымдап «Бір жерің ауырып тұр ма?», «Еш жеріңді ауыртып алмадың ба?», «Бүгін қандай баға алдың?», «Бірінші подъездегі Маша деген кім?» деген сұрақтарды қоя бермей, бір уақыт оған қызығушылық танытып, «Не оқып жатырсың?», «Жаңа фильм туралы не ойлайсың?» «Көңілсіз емессің бе?» деген сияқты сұрақтарды қойып, көңіліп аулап тұрыңыз.
Баламыздың өзін-өзі жақсы бағалауы үшін оларға өзімізге көңіл бөлгендей назар аударуымыз керек. Егер жанымызда жүрген адамдар, бірге жұмыс істейтін әріптестер бізге қызығушылық танытпаса, бізбен әңгімелеспесе, ойларымен бөліспесе, онда ақырын-ақырын өзіміз жайлы жақсы ойымыз төмендей береді.
3. Қаншалықты қиын болса да, ескерту жасай беруді доғарыңыз
Кез келген адамның, әсіресе баланың өзін-өзі бағалауы үшін сынның зияны жайлы балабақшаның баласынан бастап еңкейген кәріге дейін біледі. Бәрі біле тұра, оны тоқтата алмайды. Бәріміз кішкентайымыздан сын естіп, сынмен ержеттік. Кеңес үкіметінің мәдениеті – түзететін, реттейтін мәдениет болған. Бәрін тек мемлекет қана дұрыс білетін. Содан бері бәріміздің бойымызда «Бүкірейме, күле берме, басқа аяқ киімің жоқ па, қолыңнан түк келмейді, жұмыс істей алмайсың, дұрыстап тыныға да алмайсың, тамақ ішуді де білмейсің, түк тамақ ішпейсің, семіріп кеттің....» деген сыни сөздер шегеленіп қалған. Бұдан тіпті жалтара да алмайсың.
Ал біз балаларымызды тәрбиелеуде «өзіңдегіні – өзгеге бер» деген ережені қолданамыз. Біз, ересектер, өзіміз де үнемі сынның астында жүреміз. Ал ата-ана болған кезде, ол тіпті күшейіп кетеді. Балаға үнемі сын айтып, ескерту жасай берсе, оның бойындағы қызығушылық жоғалып, қателесуден қорқу сезімі қалыптасып кетеді.
4. Баланы қателесуге және (ол үшін ұрса жөнелмей) қателікті бағалауға үйрету керек
Бала бәрін бірінші рет жасайды, оның әлі тәжірибесі жоқ. Ол барлық білген нәрсесіне қателесіп жүріп қол жеткізеді. Егер біз баламыздың өз-өзіне сенімді, қателіктерден қорықпайтын тұлға болып қалыптасуын қаласақ, онда ол сүрінген сәтте қолдау көрсетуіміз керек. Одан «Жарайсың, қолыңнан келеді. Сен батылсың! Күштісің! Қане, тағы бір рет байқап көрейік» деген сөздеріңізді аямаңыз. Сіз оның әр жасында жанынан табыласыз. Сол себепті, жасына қарай қадам жасаңыз. Мысалы, екі жасар балаңызды қолға алып, жұбатсаңыз жеткілікті. Ал бестегі балаңыздан «Саған көмектесейін бе?» деп сұраңыз. Жеті жасқа келгенде – неге қолынан келмей жатқанын түсіндіріңіз. Ал 12 жастан бастап – оның жанында болып, жолы болған сәтінде қолдау көрсетіңіз.
5. Балаңызды «ең жақсы» немесе «бәрінен жақсы» болғаны үшін емес, істеген ісі үшін мақтаңыз
Баланың қателігі елеусіз қалса («Сен мұны түсінбейсің», «Мұны түсінгің келмейді»), ал жеткен жетістігі асыра мақталса, онда патшалығы жоқ патша балалардың өсіп шығу қаупі зор. Яғни, ондай балалар болашақта ешкімнің көңіліне қарамастан, өзін басқалардан жоғары қойып тұратын өркөкірек адамға айналады. Мұндай адамдар көп нәрсені қалайды, тіпті оған мүмкіндігі де бар. Бірақ, ешнәрсе істемей, керемет дарынды, ақылды болмаса да, белсенді, батыл адамдардың алға шығып, өзінен оқ бойы озып кеткенін сынаумен болады.
Сонымен, егер балаңызға шын жаныңыз ашыса, онда оны «басқа балалардың қолынан келмейтін істі жасай алғаны үшін» емес, сол істі бұрынғыдан да жақсы істей алғаны үшін ғана мақтаңыз.
6. Өтірік айтқан кезде де, балаңызға сеніңіз
Ата-анасымен жақсы қарым-қатынаста болған және өмірде көптеген жетістікке қол жеткізген адамдардан ата-аналарына не үшін қарыздар екенін сұраңызшы. Олар: «Маған сеніп, сенуге болмайтын сәттің өзінде сенім артқандары үшін алғыс айтамын» деп жауап берер еді. «Саммерхилл» мектебінің негізін қалаушы педагог Александр Нилл балалар негізінде қорыққандықтан өтірік айтады деп есептеген. Бала қорқыныштан арылған кезде ғана ешкімді алдамайтын болады.
Кейбір ата-аналар баламыз көп өтірік айтады деп қатты уайымдап, олардың тек қана шындықты айтуын озбырлықпен талап етеді. Ал Александр Нилл баланың өтірігі туралы былай дейді:
«40 жыл ұстаздық еткенімде мен шәкірттеріме бір де бір әдейілеп өтірік айтқан емеспін. Оның қажеті де болмаған. Айтпақшы, бір рет қатты өтірік айтыппын. Отбасылық жағдайы нашар бір қыз ақша ұрлап алды. Мектептегі ұрлық комитеті бойынша үш бала оның балмұздақ пен шылым сатып алғанын көріп, жол үстінде сұрақтың астына алған. Ол болса «Мұны маған Нилл берді» деп мойындамай, тұрып алыпты. Ұлдар оны маған алып келді. «Лизаға ақша берген сен бе?» деп сұрады. Жағдайды бірден түсінген мен бірден «Иә, мен бердім» деп жауап бердім. Мен, егер оны ұстап бергенімде, ол маған енді ешқашан сенбейтінін білдім. Сондықтан оны жақтайтынымды соңына дейін растауым керек болды. Егер оның отбасы адал әрі еркін жандар болғанда, ол қыздың басынан мұндай жағдай ешқашан өтпес еді. Мен әдейі – ол қыздың ұятын ояту мақсатында өтірік айттым. Ал басқа жағдайда өтірік айтуға аузым бармас еді.»
7. Соңына дейін балаңыздың жағында болыңыз
Соңына дейін баланың жағында болу – баланың өз күшіне сенімді тұлға болып өсуіне ықпал ететін, ата-ананың ең маңызды міндеттерінің бірі. Баланың жағында болу деген – оны көре білу, түсіну, әр адамның, әр баланың өз сезімі болатынын білу, ересектер сияқты балалардың да ашуланатынын, әділетсіз болатынын ескеру. Осының бәрін біле тұра, қиын болса да, балаңызды жалғыз қалдырмау, оған қолдау көрсету.