Кей-кейде түрлі қалаларда, жер-жерлерде түрлі-түсті қар жауды дегенді естіп жатамыз. Қардың түсі ненің әсерінен өзгереді? Табиғаттың мұндай құбылысы адамзатқа зиян келтірмей ме?
Дұрыс айтасыз, түрлі-түсті қардың түсуі табиғатта сирек кездесетін құбылыс. Табиғаттың кейбір ерекше құбылыстарынан көп жағдайда халық шошып, жамандықтың белгісі ретінде қабылдап жатады. Шындығында, неге түрлі-түсті қар жауады? Қардың түсі бұлтқа сіңген шаң-тозаңға байланысты өзгереді екен. Көбінесе қар сары, алқызыл, сұр, кейді тіпті қара түске боялып жауады. Айталық, 2007 жылы Батыс Сібірдің бірнеше облысында сары, қызыл-сары, сұр түсті қар жауғаны туралы көптеген баспасөз құралдарында жарияланды. Сол кезде жүргізілген зертханалық және метео-зерттеулердің нәтижесі бұл аймаққа шаң-тозаңның, ауа құрамындағы түрлі массалардың Қазақстаннан ауғанын көрсеткен.
Сондай-ақ соңғы жылдары түрлі-түсті қардың түсуі Ресейдің Свердловск облысында, Байкал өңірінде байқалған. Байкалға түсі әртүрлі қардың жаууы Моңғолия мен Қытайдан соққан шаңның әсері деседі. Жекелеген жағдайларда көбінесе түрлі-түсті қардың түсуі – өндірістік қалдықтардың ауаға сіңуінің, ірі металлургиялық және химиялық өнеркәсіптер қалдықтарының табиғатқа тигізер әсерінің нәтижесі. Түрлі-түсті қарды зерттеуші мамандардың айтуынша, мұндай құбылыс адамдардың денсаулығына зиян келтіретін де кездері болады екен. Мамандар келтірген деректерге сүйенсек, өткен жылдары АҚШ-та жауған қызыл, сары түсті қарды аузына тигізгендердің денесіне түрлі жаралар шығып, кейбіреуі тіпті жан тапсырған көрінеді. Ал кей жағдайда түсті қардың адамзатқа еш зиян келтірмейтін де түрлері кездеседі.