Қандай жағдайда атымды өзгерте аламын?
Маған өз есімім ұнамайды. Ол – ер адамның аты. Атымды өзгерткім келеді. Әділет органдары өтінішімді қабылдай ма?
М.Т. Ақтөбе қаласы
ҚР Әділет министрлігінің мәліметінше, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту үшін азаматтар жергілікті АХАЖ органына хабарласып, арыздануы қажет. Төмендегі жайттар мұндай өзгертулердің дәлелді себептері бола алады:
1) тегінің, атының, әкесінің атының қолайсыз айтылуы;
2) тегінің, атының, әкесінің атының айтылу қиындығы;
3) егер некені тіркеу кезінде некеге дейінгі тегінде қалса, зайыбының ерімен ортақ тегін алғысы келуі;
4) егер некені бұзу кезінде бұл туралы өтініш берілмесе, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
5) кейінгі неке бұзылмайтын жағдайларда, бұрынғы некеден туған балаларымен ортақ тегін алғысы келуі;
6) егер ері қайтыс болса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
7) егер ері қайтыс болса, ал өтініш беруші некеге дейінгі тегінде болса, балаларымен ортақ тегін алғысы келуі;
8) өтініш беруші таңдаған ұлтқа сәйкес келетін немесе ата-аналарының бірінің (ата-аналарының ұлттары әртүрлі болған кезде) тегін немесе атын алғысы келуі;
9) өмірде шын мәнісінде қалыптасқан, құжаттағы атынан өзгеше атты алғысы келуі;
10) егер некеге тұрған кезде ерінің тегі қабылданған болса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
11) әкесінің немесе атасының аты бойынша тегін ұлттық дәстүрге сай алғысы келуі;
12) өтiнiш берушiнi тәрбиелеген адамның тегi және аты бойынша тегі мен әкесінің атын алғысы келуі.