Қан қысымының қай сатысы қауіпті?
Менің күйеуімнің қан қысымы жиі көтеріледі. Бұл дерттің өте қатерлі екенін білемін. Қан қысымы көтерілген адамға ең бірінші қандай көмек көрсеткен жөн? Аурудың қай сатысы ең қауіпті болып есептеледі?
Баян НҰРЫМБЕТОВ, Алматы қаласы
Елімізде адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде қан қысымы бірінші орынды алады. Қан қысымы кенеттен көтеріліп, құлап қалған адамға жанындағылар шұғыл жәрдем көрсетуі керек. Мұндайда ең бастысы, науқасты қозғамай, жайлы, көлеңкелі жерге жатқызады. Егер қолда бар болса, қан қысымын қалпына түсіретін коринфар, берлиприл, канкор, энам, диратон, карониум, карлон секілді дәрі-дәрмектердің бірін ішкізу керек. Одан соң басын шамалы жоғары көтеріп, маңдайына сулық мата басып, тыныштандырады. Сөйтіп, уақыт өткізбей жедел жәрдем шақырту қажет. Қан қысымының қалыпты көрсеткіші тонометр бойынша 120/80 болуы керек. Егер тонометр тілі 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130 көрсететін болса, бұлар қан қысымы көтерілуінің екінші және үшінші сатысы болып табылады. Әсіресе үшінші сатысы науқас үшін өте қауіпті болып саналады.