Қалдаяқ ұста болған ба?
Шәмші Қалдаяқовтың ата-анасы кім болған? Атақты композитордың әкесі ұста болған деседі. Солар туралы аз-кем дерек берсеңіздер.
Айдар, Қарағанды облысы
Осыдан біраз жыл бұрын «Арыс» баспасынан «Отырар-Түркістан кітапханасы» сериясымен Абдулла Жұмашевтің «Қалдаяқ ұста – Шәмшінің әкесі» атты этнографиялық кітабы жарық көрген.
Аталған кітаптағы деректерге сүйенсек, әйгілі композитордың әкесі Қалдаяқ – шебер ұста болған, ұлттық өнерге етене жақын болған адам. Еңбегін ел ескеріп, кезінде ол Ленин орденімен марапатталған. Қалдаяқ 1891 жылы қазіргі Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. 1976 жылы оңтүстіктегі «Темір» совхозында қайтыс болған. Бұл жер қазір Шәмші ауылы деп аталып кеткен. Кітапта Қалдаяқ ұстаның өз қолымен жасаған бірқатар бұйымдарының фотосуреттері берілген. Шебер ұста ағаштан, темірден, теріден, сүйек пен мүйізден алуан түрлі ғажап бұйымдар жасаған. Бұл шағын еңбекте қазақтың біртуар композиторы Шәмшінің әкесі Қалдаяқ Домбаевтың өмір жолы баяндалған. Кітап авторы бұл зерттеуін Қалдаяқтың жеке қолжазбалары мен мұрағат құжаттарына және туыстары мен көз көргендердің естеліктеріне сүйеніп жасаған. Қалдаяқ ұста мен Сақыпжамалдың отбасында бес ұл-қыз өсіп-өнген. Олар – Тұмаркүл, Шәмші, Раушан, Қадір және Райхан. Шәмшінің анасы 1959 жылы дүние салған, әпкесі Тұмаркүл де бүгінде өмірде жоқ.