Қайызғақтан қалай құтылуға болады?
Соңғы кездері басымда қайызғақ пайда бола бастады. Түрлі арнайы шампуньдарды қолдандым, нәтиже шамалы. Мұның себебі неде және одан қалай арылуға болады?
Дана Нұрбекова, Қарағанды қаласы
Мамандардың айтуынша, бас терісіне ауа өткізбей, соның салдарынан шаштың әлсіреуіне әкеп соқтыратын қайызғақтан жер бетінде әрбір үшінші адам зардап шегеді. Негізінен, қайызғақ шашты дұрыс күтпегеннен, ағзадағы зат айналымының бұзылуынан, жүйке жүйесінің зақымдануынан және дәрумендердің жетіспеушілігінен пайда болады. Қайызғақты кетірудің бірнеше жолы бар. Ол – ең алдымен, толыққанды демалыс пен дұрыс тамақтану. Ащы, тұзды, майлы және қуырылған тағамдарды тұтынуды азайту керек. Сол сияқты көмірсуға бай өнімдерді, яғни тәттілер мен ұннан жасалған тағамдарды да аз жеген абзал. Оның есесіне ас мәзіріңізде сүт өнімдерін, көкөністер мен жеміс-жидектер қорын молайтсаңыз, құба-құп болады. Тағы бір айта кететін жайт, қайызғақ жұқпалы болып келетіндіктен, жеке бас гигиенасын қатаң сақтау қажет. Яғни шаш күтіміне арналған құрал-жабдықтарды жеке өзіңіз пайдаланғаныңыз дұрыс.