Қағаз ойғыш қайдан шыққан?
Тігінді жасауды қағаз тескіш құралсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Осы бір орысша «дырокол» деп аталатын құралды кім ойлап тапты екен?
Жамбыл Тоқмырза, Семей қаласы
Дөңгеленген екі серппелі аяқшаларының көмегімен қағаздың кез келген қалыңдығын қиып түсетін құралдың «құдіретіне» шынында да қарап отырған жан таңғалады. Ресми деректер осы қағаз тескіш құралды неміс өнертапқышы Фридрих Зеннекен ойлап тапқан дейді. Бонн қаласынан шыққан өнертапқыш 1886 жылдың 14 қарашасында осы бір құралдың патентін алған екен.
Алайда осы ретте тағы бір қызық дәйек те соңғы кезде тілге тиек болып жүр. Оған құлақ түрсек, қағаз тесетін құралды ең алғаш ойлап тапқан әйгілі философ, «Таза ақылдың сыны» атты еңбектің авторы Иммануул Кант дейді. Қазіргі қолданыстағы 5 мм ойықты «қағаз тескіштен» оның айырмашылығы ойығының сәл қалыңдығында, яғни ол 11,6 мм болыпты. Канттың ойлап тапқан құралын осы бір ғана ерекше белгісінен-ақ тануға болады екен. ХІХ ғасырдың ортасына дейін И.Канттың құжаттарынан басқа мұқият тесілген бірде-бір қағазды ұшыраспаса керек. Мұқият ойылған Канттың алғашқы құжаты 1799 жылдың желтоқсаны болғандығына қарап, қағаз тескіштің тарихын сол кез деп белгілеген көрінеді.