«Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой мұсылман дінін қабылдаған» дейді. Біреулер мұсылман әлемін жырларына арқау еткен Пушкин мен Есенин де мұсылмандыққа өткен деседі. Бұл жөнінде нақты дерек бар ма?
Орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин де батыстың көптеген ақын-жазушылары сияқты шығыс тақырыбына қалам тербеген.
Ол шығармашылық жағынан кемеліне келер шағында қасиетті Құран сүресінің ырғағы мен сазын көңіл күйіне көшіріп, «Құранға еліктеу» атты 9 тараудан тұратын мазмұны терең өлеңдер топтамасын жазды. Ақын өз күнделігінде «Далалықтар сусыны – қымыз. Ол — көңіл хошы» деп жазған. Тарихи деректерге сүйенсек, Пушкин пәуескелетіп Орынборға келгенде әйгілі лингвист ғалым Владимир Даль оған жергілікті қазақтардың аузынан жазып алған «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» дастанын сыйға тартқан. Сол нұсқа әлі күнге Пушкин мұражайында бойтұмардай сақтаулы. Мұсылман әлеміне, жалпы, шығыс дүниесіне ерекше ықыласпен қарап, оны жырға қосқан ақын «Құранға еліктеу» өлеңінің түсініктемесін өз қолымен жазып отырып, «Сыйлық сүресінде: дінсіздер қасиетті кітапты көне мысалдар мен жаңа өтіріктердің құрандысы деп сандалады, ал өзім оған сенбеймін, бұл кітап ізет-үлфаттың тіл жетпес ұлы үлгісі» дегенді айтқан. Сондай-ақ орыстың тағы бір қайталанбас ақыны Сергей Есенин де шығармашылығының үлкен бір бөлігін шығыс әлеміне арнап, «Парсы әуендері» атты көлемді өлеңдер топтамасын жазған. Алайда бұл екі ақын да мұсылман дінін қабылдамаған.