Жыл сайын осы мезгілде футболдан Президент кубогы дәстүрлі халықаралық турнирі өтіп тұрушы еді. Биыл бұл туралы ақпараттарды әлі естімедім. Жалпы, дәстүрге айналған бұл дода биыл ұйымдастырыла ма?
Жанбота ОРАЛБЕК, Алматы қаласы
2008 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл турнир биыл да жалғасын таппақ. Дүбірлі дода сәуірдің 26-сы мен 30-ы аралығында елордамыз Астананың «Астана-Арена» стадионында өтеді. Бірақ биыл турнирге әдеттегідей клубтық командалар емес, жасөспірімдер құрамалары қатыспақ. Қазақстан намысын бұл сында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы қорғайды. Яғни «Президент кубогы» халықаралық турнирі неміс маманы Оливер Пельцер үшін Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жаттықтыруындағы алғашқы бапкерлік сынақ болмақ. Сондай-ақ Қазақстаннан бөлек, аталмыш додаға жеті ел қатысуға ниет білдірді. Олар: Өзбекстан, Әзірбайжан, Иран, Түркия, Украина, Грузия және Армения. Қазақстан жасөспірімдері Өзбекстан, Әзірбайжан, Иран құрамаларымен бірге «А» тобына түсті.
Айта кетейік, өз тобында үздік шыққандар финалдық жұпты құраса, тобында екінші орын алғандар турнирдің қола жүлдесіне таласады. Сол сияқты топта үшінші орын алғандар бесінші орынға таласса, өз топтарының аутсайдерлері жетінші орын үшін текетіреседі.
Президент кубогы қашан өтеді?
Последние статьи автора