«Плеймейкер» деген сөз қалай аударылады?
Осы футболда шабуылды өрбітіп отыратын ойыншыны плеймейкер дейді. Бұл сөз қандай мағынаны білдіреді? Қай елдің сөзі? Нақты қалай аударылады?
Файза Әміртаева, Астана қаласы
Плеймейкер – ағылшын сөзі. Тікелей аударғанда, play – ойын, ал maker – ұйымдастырушы, құрушы деген мағынаны білдіреді.
Жасыл алаңда команданың ойынын үйлестіріп отыратын ойыншыны плеймейкер деп атайды. Мұндай ойыншылар команданы алға сүйреп, ойынын үйлестіріп, шабуылын өрбітіп отырады. Әлбетте, команданың қалған ойыншылары осындай футболшыға арқа сүйеп, допты көбінесе соған беріп, ойын өрнегін сол арқылы «ширатады».
Мұндай ойыншылардың бірі ретінде әйгілі Зиданды ілтипатпен атап өтуге болады. Әрине, қазіргі әлем футболында осындай көптеген ойын үйлестірушілер бар. Олардың бәрін тізіп шықпай-ақ қояйық. Мұндай ойыншы бізде де бар. Мысалы, біздің жастар арасындағы құрамамыздың плеймейкері – Бауыржан Исламхан. Оның ойын өрнегіне жақында Санкт-Петербургте өткен «Достастық кубогында» өзіміз де, өзгелер де тәнті болдық.