Қазақстанда пираттық партия пайда болды деп естідім. Ол қандай партия, бағыт-бағдары қандай?
Иә, жақында ғана ғаламторда өздерін «реформашыл» деп жариялаған Қазақстан пираттық партиясы интеллектуалдық меншік құқығы мен сөз бостандығын реформалау жолындағы халықаралық қозғалыстардың үлгісінде пайда болды. Партияның басты принциптері: азаматтарға ақпараттың қолжетімді болуы және еркін таратылуы, яғни мұнда еркін әрі коммерциялық емес негізде ақпарат алмасу көзделеді. Партияның келесі принципі – авторлық құқықты қорғауда шығарушылардың емес, автор мен қоғамның мүддесін ескеруді алға қоя білу.
Партияның ұстанымы бойынша, авторлық құқық жүйесі авторларды ынталандыруы және Қазақстан заңнамасы Creative Commons, GNU GPL/GFDL, лицензия BSD секілді халықаралық лицензияларды құрметтеуі қажет. Патенттік жүйеде өнертапқыштарды қолдау және мемлекетпен өзара байланыста ақпарат алмасудың оңтайлы болуы, жеке өмірге қолсұқпаушылық мәселелері партияның басты принциптерінің бірі болып саналады. Осы тектес партиялар әлемнің 30-дан астам елінде тіркелген. Қазақстан пираттық партиясы туралы толық мағлұматты https://www.pirateparty.kz сайтынан алуға болады.