Өрмекші жайлы не білесіз?
Күн жылыған кезде далада, саяжайда, үйде өрмекшілер пайда болады. Осы орайда менің білгім келгені, олардан адамға қауіп бар ма және өрмекші шаққанда не істеу керек?
Дастан ЕГЕУБАЕВ, Алматы облысы
Бұл сауалға мамандар төмендегідей жауап береді:
Әлімжан ҚҰРБАНОВ, ҚР ДСМ МСЭҚК «Алматы қаласының дезинфекция стансысы» РМҚК директоры:
– Өрмекші қарақұрт отрядына жатады. Уы активті. Өрмекші шаққанда улану симптомдары: күйдіріп ауыртады, аяқ тартылады. Ауруы бүкіл денеге тарап, адамның басы ауырады, ентігіп, жүрегі жиі соғады, тілі күрмеледі, құсады. Кей жағдайда жапа шеккен адам сандырақтайды, есінен танып, тіпті өліп кетуі мүмкін.
Алайда мамандар «барлық жәндіктердің уы қауіпті бола бермейді, дегенмен сақтанған жөн» дейді.
Қажығали ҚАРДАСИНОВ, дезинфекция стансысы маманы:
– Барлық жәндіктер улары белсенді (активті) және енжар (пассивті) болып екі топқа бөлінеді. Улы деп денесінде үнемі немесе уақытша уы бар, шаққан кезде жануарлар мен адамның мүшелерінің қызметін бұзатын, кейде өлімге әкелетін жәндіктерді айтады. Өрмекшілердің арасында да уы белсенділері кездеседі. Сондықтан да абай болған абзал.
Абайсызда өрмекші шаққан кезде не істеу керектігі жайлы мамандар былай дейді:
Анастасия МАТВЕЕВА, дезинфекция стансысы маманы:
– Уды сорып тастап, шаққан жерін сіріңкемен күйдіру; жәндіктің уына қарсы сарысуды енгізу; шаққан жерді дезинфекциялық ерітіндімен сүртіп, науқасты тынықтыру керек. Жәндік шаққанда сұйықтықты көп ішу қажет.
Сондай-ақ мамандар жәндіктердің шағуынан сақтану үшін үй ішін, киім-кешекті, төсек-орынды тексеріп отыру керектігін айтады. Жаз мезгілінде далада түнеген кезде арнаулы киім киіп немесе жәндік келе алмайтындай қорғаныш амалдарын жасау керектігін ескертеді. «Далаға түнегенде жерге жатпай, тапшан немесе сол сияқты жерге жату керек» дейді.