Орманда да бүркіт бола ма?
Бүркіт көбіне таулы жерлерді мекендейді. Бірақ ол орманда да өмір сүреді деп естіп едім. Осы туралы қысқаша мәлімет берсеңіздер.
Ғабит, Қызылорда қаласы
Біздің елімізде бүркіттің он шақты түрі мекендейді. Олардың арасындағы кең тарағаны — қыран бүркіт. Ол — қасқырды да алатын, өте күшті, ірі денелі алып құс. Орта Азия мен Қазақстанды мекендейтін халықтар ежелден бүркіт салып, аң аулайды. Ең алдымен бүркітші бүркіттің балапанын ұядан алады. Бұл – өзі өте қауіпті кәсіп. Өйткені бүркіт өзінің ұясын жан аяғы баспайтын биік қия жартасқа салады және аталық (шәулі) бүркіт пен ұябасар бүркіт өз балапандарын жанын сала қорғайды. Бүркіт көбіне еліміздің оңтүстігіндегі мұзарт шыңдар мен қия жартастарды мекендейді. Олар Сібірдің ит тұмсығы өтпейтін қалың ормандарында, сондай-ақ еліміздің еуропалық бөлігіндегі ормандарда да кездеседі. Орман бүркіттері елден, жолдан аулақ алыс түкпірлердегі кәрі ағаштың ұшар басына ұя салады. Өздері өте сақ. Адам көзіне сирек шалынады. Тек күздігүні балапандары есейігенде ғана бүркіт ұясымен топтанып, шырқау биікте қалықтап жүреді. Бірақ орман бүркіттері тау қыранына қарағанда әлсіздеу болады.
Күн суығанда бүркіттер ұясынан алыс жаққа сапар шегеді. Жас бүркіттер қыста қоныс аударған жаңа жерге тұрақтанып, келесі суық түскенге дейін осы өңірді мекен етеді. Ал енді кәрі аталық бүркіт пен ұябасар бүркіт өздерінің түпкілікті мекеніне қайтып оралады. Олар бұрынғы ұяларын жөндеп, мұнда тағы да балапан басып шығарады.