Оразалы қайда оқыған?
Қазақ айтыс өнерінің жарық жұлдызына айналған ақын Оразалы Досбосынов қай жерде оқыған және қандай қызметтер атқарған?
Ғабит ҚАМЫСБЕК, Ақтөбе
Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысы Райымбек ауданы (бұрынғы Нарынқол ауданы) Тегістік ауылында туған. Мектебін тамамдаған соң ауылдық мәдениет үйінде жұмыс істеген. Оқушы кезінен айтыстар мен түрлі мәдени шараларға қатысып жүрген ол айрықша талантымен ерте көзге түсті. Кейін Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетінде оқыды. Үлкен өнер ордасында жүріп Оразалы республикалық айтыстарға қатысып, айтыссүйер қауымның жоғары бағасын алды. Біраз жыл Қазақ ұлттық университетінде мәдени-ағартушылық саласында еңбек ете жүріп, бірқатар ізбасар шәкірттерін тәрбиеледі. Ол, негізінен, еркін шығармашылықпен айналысқан. Ешқандай ресми атақсыз-ақ аз уақыт ішінде ол халықтың ақынына айналды. Ірі айтыстарда талай рет топ жарған Оразалы көршілес Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде өткен додаларда да орақ тілімен кесімді сөз айтып, қазақтың атын асқақтатты. Оразалы Досбосынов 2004 жылдың 30 қарашасында жол-көлік апатынан қаза тапты. Марқұмның денесі Алматы маңындағы Тұздыбастау қорымында жерленген.