Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында спортшылар халықтың алдында олимпиадалық ант қабылдайтынын естідім. Бұл антты әр елдің өкілдері қабылдай ма? Мұндай жағдайда Қазақстан спортшыларының атынан антты кім қабылдайды?
Алғаш рет олимпиадалық антты 1913 жылы Халықаралық олимпиадалық комитеттің (ХОК) сол кездегі президенті Пьер де Кубертен ұсынған. Ал 1920 жылдан бастап спортшылар олимпиадалық ойындардың ашылу салтанатында ант қабылдай бастады. Дегенмен ескерте кетейік, олимпиадалық антты бүкіл елдің спортшыларының атынан тек бір ғана таңдаулы, яғни Олимпиада ойындарын ұйымдастырушы елдің саңлағы қабылдайды.
Сонымен қатар 1968 жылдан бастап ХОК жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында төрешілерге де ант қабылдататын болды.
Спортшылар антының қазақша мәтіні:
Олимпиада ойындарының ережелерін құрметтеуге және сақтауға, спорттық рухымызды түсірмеуге, сондай-ақ спорттың мәртебесін асқақтатуға және өз командаларымыздың намысын абыроймен қорғауға барлық спортшылардың атынан ант етемін!