Олимпиада ойындарына бойкот жариялағандар
Әлемдегі бірнеше мемлекеттің Олимпиада ойындарына бойкот жариялап, дүбірлі додадан бас тартқан кездері – тарихта болған жайт. Жалпы, Олимпиада ойындарына неліктен бойкот жарияланады?
Рахман ДӘУРЕНБЕКТЕГІ, Талдықорған
Олимпиада ойындары мың жерден достық пен бейбітшілікті насихаттаса да, саясаттан бөлектеніп кеткен емес. Олимпиада қозғалысы мен саяси қарсылық егіз ұғымға айналып кеткелі қашан?! Олимпиада ойындарына БҰҰ, ХОҚ секілді халықаралық ұйымдар, спортшылар тобы және мемлекеттер бойкот жариялай алады. Олардың басты мақсаты – Олимпиаданы қабылдаушы мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы қателіктерге немесе әлемдегі әділетсіздіктерге қарсылық танытып, жағдайды жақсартуға тырысу. Тарихты парақтасақ, Олимпиада қозғалысы оң-солын танымаған 1908 жылы да саяси қарсылықтар көп бой көтерген. 1908 жылғы Лондон Олимпиадасына тұңғыш рет қатысушы мемлекеттердің ашылу және жабылу салтанатында ел байрағын көтеріп шығуына рұқсат етілді. Алайда бұл біраз елдің қытығына тиді. Себебі Ұлы Финляндия княздығы Ресей империясының қарамағында еді. Ал ресейліктер финдердің төл туын көтеріп шығуына жол берген жоқ. 1920 жылғы Антверпен Олимпиадасына бірінші дүниежүзілік соғыстың отын жаққаны үшін Германия мен оның жақтастары шақырылған жоқ. 1936 жылы фашистік Германияда өткен Олимпиада ойындары – тарихтағы ең көп шу тудырған доданың бірі. Өйткені неміс компаниялары Олимп ойындары басталмай жатып, «қара нәсілді спортшылар мен еврей ұлтының өкілдері бұл Олимпиаданы түсінде көрсін» деп, нәсілшілдік, фашистік көзқарастарын анық білдіре бастады. Ал әлем халқы бейбітшілік белгісі саналатын Олимпиаданы фашистік мемлекеттен ауыстырып, Барселонада өткізу үшін қол жинауға кірісті. Әсіресе, АҚШ-тың Нью-Йорк штатында құрылған еріктілер тобы жанталаса әрекет етті. Дегенмен Гитлер үкіметі арам пиғылдарын жасыра тұрып, Пьер де Кубертьеннің аузын алды. Германиядағы дайындыққа тәнті болған басшы радио арқылы үндеу жолдап, Олимпиаданың неміс жерінде өтетіні туралы түбегейлі шешімін жариялады. 1964 жылы Токио Олимпиадасынан Индонезия, Солтүстік Корея және Оңтүстік Африка мемлекеті бас тартты. 1968 жылы Мехикодағы Олимпиада ойындарының басталуына он күн қалғанда жергілікті жастар: «Бізге Олимпиада керек емес, бізге революция керек», – деп ел билігіне наразылығын білдірді. 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасына регбиден Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Африка құрамаларының арасындағы есепке ырза болмаған 26 Африка мемлекеті бойкот жариялады. 1979 жылы Ауғанстанға Кеңес әскерін кіргізгені үшін 80-жылы өткен Мәскеу Олимпиадасына әлемнің 64 мемлекеті қатысқан жоқ. Тиісінше, 1984 жылғы Лос Анджелес Олимпиадасы да КСРО құрамасының қатысуынсыз өтті.