Ол мектеп қазір жалғыз емес
«Кезінде Алматы қаласында жалғыз қазақ мектебі болған» дегенді жиі естиміз. Осы мектеп жайында қысқаша мағлұмат берсеңіздер.
Гүлзира, Қызылорда қаласы
Алматыдағы №12 көп салалы гимназия республикадағы алғашқы зиялы қазақ мектебі болып саналады. Ол өзінің бастауын 1921 жылғы Абай атындағы жетім балалар үйінен алады. Мектеп әуелі – бастауыш, одан кейін жеті жылдық мектеп болған. 1924 жылы 22 қазанда, Жетісу облыстық Халық ағарту комиссариаты инспекциясының 1923 жылғы 24 наурыздағы №30 бұйрығына сәйкес, Алматының тоғыз жылдық Абай атындағы №8 қырғыз (қазақ) мектебі болып құрылды. Тұрақты мекенжайы болмағандықтан, мектеп тоғыз рет орын ауыстырған.
Мектептің атын оның даңқты түлектері шығарып келеді. Олар: алғашқы КСРО Халық артисі Күләш Байсейітова, алғашқы қазақ суретшісі Әбілхан Қастеев, сазгерлер Нұрғиса Тілендиев, Сыдық Мұхамеджанов, Әсет Бейсеуов, Мансұр Сағатов, академиктер Орынбек Жәутіков, Болат Жұбанов, Шора Сарыбаев т.б. Мектептің бітірушілері арасынан 20-дан астам академик, 300-ге тарта ғылым докторы шыққан.
1971-1985 жылдарда мектепті Социалистік Еңбек Ері Рафиқа Бекенқызы Нұртазина басқарды. 1972 жылдан бастап тұңғыш рет республика мектептерінің ішінде ағылшын тілін тереңдетіп оқыта бастады. 1994 жылы 70 жылдық мерейтойында мектепке қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың аты берілді. 1996 жылы мектепке «ағылшын тілін оқытуға мамандандырылған арнайы орта мектеп» куәлігі берілді. 2004 жылы Алматы қаласы әкімі мен қалалық оқу бөлімінің арнайы шешімімен мектеп көп салалы гимназия статусын алды. 2006-2007 оқу жылынан бастап 10-11 сыныптар екі бағытта оқиды. Олар: жаратылыстану бағытында – химия, биология, география, математика бағдары, ал гуманитарлық бағытта – лингвистикалық бағдар (ағылшын және қазақ тілі).
Тарихы терең бұл мектеп Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов көшесі, 79-үйде орналасқан.