«Ну, погодиді» көрмеген бала да, жас та жоқ шығар... Қазір қандай мықты мультфильмдер шықса да, бәрібір соған жетпейтін сияқты. Сұрайын дегенім, «Ну погодидегі» қоян мен қасқырдың дауысы кімдікі? Құлағымда мәңгі қалған дауыс иелерін танымаған ұят екен.
«Девчата», «12 орындық», «Петр патша арапты қалай үйлендіргені жайлы аңыз» атты фильмдерді көрсеңіз, сондағы басты рөлдерді сомдайтын кіп-кішкентай ғана актриса есіңізде болар? Өмірінде он шақты киноға түскен Клара Румянцева 300-дей мультфильмді сөйлетсе керек. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биігі – «Ну, погодидегі» қоян дауысы. Қазіргі Америка үшін Дисней ленталары қандай қымбат болса, Кеңес Одағы үшін осы бір мультфильмнің де дәл сондай мәнге ие болуында «қоян» Клара Румянцева мен «қасқыр» дауысының иесі, атақты Анатолий Папановтың әртістік шеберліктері мен еңбектерінің үлесі зор. Әу баста небары төрт сериямен бітіруді жоспарлаған мультфильм көрермен тарапынан зор сұранысқа ие болғаны сонша, оны 18 серияға қалай созғандарын режиссер Вячеслав Котеночкиннің өзі де білмей қалыпты.