Наурыз мерекесінде балалар үйге келіп жарапазан айтып жүр. Бұл қаншалықты дұрыс? Бұл тек Ораза айында ғана айтылмайтын ба еді? Олардың мұнысына не жорық?
Алтынай, Жетісай қаласы
Наурыз – алғаусыз көңілмен жақсы сөз, ізгі тілеу, ақ бата аста-төк, барынша мол айтылатын мереке. Олай болса, Жаңа жыл да әр шаңыраққа құт-береке тілеп, бата беріп, жарапазан айтудың өзін Наурыздың игі дәстүрлерінің біріне балай аламыз. Ел ішінде жарапазан тек Ораза айтта ғана айтылады және Ораза айт пен Наурыз да айтылады деген екіұдай пікір бар. Біздіңше, Жарапазан дегенде жарапазан, Аққа толсын үйдегі қара қазан, – деп келетін өлең жолдары Ұлыстың ұлы күні жырланса керек. Жарапазан сөзінің түп-төркінін парсының «шахарзабан» сөзінде дейтін де пікірлер бар. Ол парсы тілінде шаһар кезуші, күлдіргі ақын деген мағынаны білдіреді екен. Яғни ауыл аралап, үй кезіп жүріп айтылатын жарапазанда қатып қалған қағида жоқ, оған әдемі, жарасты әзіл-қалжыңдарды да әндетіп қосатын болған. Жарапазанның жаттанды, қалыптасып қалған мәтіндері болғанымен, оған өз жанынан шығарып, түрлендіріп айтуға да ерік берілген екен. Осы дәстүрді жаңа заман талабына сай қайта жаңғыртып, Наурыз күні жақсы тілек пен жарапазандап жүрсек, несі айып? Жарапазанның Ұлыс күні де ұлықталатын дәстүр екенін ұмытпасақ екен.