Насыбай ату денсаулыққа зиян ба?
Қазір екінің бірі насыбай ататын болды. Бұл адам денсаулығына қаншалықты зиян?
Мелдехан, Жетісай қаласы
- Жалпы дәрігерлердің айтуы бойынша, насыбайдың адам денсаулығына тигізер зияны өте көп. Біріншіден насыбай ату – темекі тарту, араққа салыну, нашақорлыққа тәуелділік тәрізді дерт болғандықтан, оған үйренгендер бір мезет насыбай атпаса, басы ауырып, жүрегі соғып, мазасыз күйге түседі. Оның құрамында никотин, синиль, көмір және сірке қышқылдары, азот, эфир майы және өкпе ісігіне ұшырататын басқа да әртүрлі радиоактивті қоспалар бар. Әрі насыбай ату адамның жасын қысқартады. Ауыз қуысы, ас қорыту жүйесі қатерлі ісікке ұшырайды. Өмір сүруге, еңбек етуге, отбасын асырауға деген ынта-ықыласты азайтады. Тыныс алу жолдары қабынады. Ұдайы насыбай ату ұйқысыздыққа әкеліп соғады. Тамаққа деген тәбетті жойып, адам ағзасы әлсірейді. Сондықтан насыбайдан аулақ болған жөн.