Мен жекеменшік дүкенде күзетші болып жұмыс істеген едім. Таяуда дүкен қожайыны мені намаз оқығаным үшін жұмыстан босатты. Бұған дейін «жұмыс уақытында намаз оқығаныңды қоймасаң, жұмыстан босатамын» деп ескерткен болатын. Мен бір тәулік намазымды қаза ете алмаймын ғой. Дүкен қожайынының осы әрекеті заңды ма?
Заңгер маманның айтуына қарағанда, мұндай жағдай заңда қарастырылмаған. Заңда қарастырылмаған мұндай жайттар жұмыс беруші мен жұмысшы арасында жасалатын еңбек келісімшартында ескерілуі керек. Сондықтан егер келісімшартта бұл жайт ескерілмеген болса, сіздің жұмыс уақытында сеніп тапсырылған нысанды қараусыз қалдыруға құқыңыз жоқ.
Жұмыс беруші сізді намаз оқығаныңыз үшін емес, жұмыс уақытында сеніп тапсырылған нысанды қараусыз қалдырғаныңыз үшін жұмыстан босатқан сияқты. Бұл ретте жұмыс берушінің іс-әрекеті заңды.
Сондықтан сіздің жұмыс пен намаз оқу бір-біріне кедергі келтірмейтін басқа жұмысқа орналасқаныңыз дұрыс.