Сеніміңіз ақталмаса, басқалардан бірдеңе күту ренішпен аяқталуы мүмкін. Бірақ айналаңыздағы адамдар сіз ойлап қойған нәрселерге сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан басқалардан күтпеу керек 7 затты ұсынамыз деп жазады massaget.kz тілшісі.
Олар сізбен келіспеуі мүмкін
Сіз өз сөзіңізге толықтай сенімді болсаңыз да, басқалар сізбен келіспеуі мүмкін. Олардың жеке пікірлері, сол жағдайға көзқарасы мен сенімі бар. Бұл қалыпты жағдай. Алайда, кейде басқа біреу бізбен келіспесе, көңіліміз қалады немесе ренжиміз. Ашуланатын кездер де болады. Себебі біз оның келіскенін күтеміз және басқа адамның көзқарасын түсінуге тырыспаймыз.
Бұл жағдайда ренжудің орнына басқа адамның келіспеушілігін қабылдауға тырысып, ымыраға келу — ең дұрыс шешім. Әдетте, пікірлер айырмашылығы ең жақсы шешімдер мен ерекше идеяларға әкеледі.
Ешкім мінсіз емес
Біз мінсіз дос, серік немесе жұмыс іздейміз. Алайда, біз үшін мінсіз нәрсе басқалар үшін олай болмауы мүмкін. Оған қоса, идеалды іздеуде артық кетуіміз мүмкін. Мысалы, жаңа серігіңіздің қандай да бір кемшілігін байқап, көңіліңіз қалып, бірден қатынасты үзіп тастауыңыз мүмкін. Немесе жұмыстың мінсіз емес екенін байқап, еш тырыспастан, оны тастай салуыңыз мүмкін. Мұндай көзқарастың да зияны бар, себебі мінсіз нәрсе жоқ. Барлық заттың артықшылықтары мен кемшіліктері болады. Идеалды іздеу тек артық күйзеліске, ашуланшақтыққа және импульсивті шешім қабылдауға әкеледі.
Басқалар сіздің проблемаңыздың шешімін табуға міндетті емес
Өз проблемаларыңызды шешуді үнемі басқаларға тапсыра беруге (өтінуге) болмайды. Біріншіден, басқалар біздің негізінде не қалайтынымызды әр уақытта түсіне бермейді, сондықтан көмектесе алмайды. Екіншіден, сіз бұл әрекетіңізбен жауапкершілікті басқаға аударасыз. Үшіншіден, басқаларға тәуелді болу өз өміріңізді бақылауда ұстай алмауға әкелуі мүмкін.
Басқа адам сіздің не қалайтыныңызды өздігінен түсініп алмайды
Егер сізді бірдеңе мазаласа, ол туралы тіке айтқан дұрыс. Сол секілді нені қалайтыныңызды да айту маңызды. Ешкім біздің ойларымызды оқи алмайды. Оған қоса, кей адамдар тұспалдап сөйлегеніңізді мүлдем түсінбеуі мүмкін. Сондықтан басқа адамнан бірдеңе қаласаңыз, проблеманы түсіндіріп, өз сезімдеріңіз жайлы айтып беріңіз. Адамдар оны өздері тауып немесе түсініп алады деп күтудің қажеті жоқ. Мысалы, кей адамдар сізді ренжітіп алғанын білмеуі де мүмкін.
Сіз кей адамдарға ұнамауыңыз мүмкін
Біздің жағымды қасиеттерімізге қарамастан, біз кей адамдарға олардың жеке себептеріне байланысты ұнамауымыз мүмкін. Сондықтан адамдардың сізге деген қарым-қатынасы сізге ғана байланысты деп ойлаудың қажеті жоқ. Бұл нәрсеге көп мән бермеңіз. Сізде де қандай да бір мінезін жақтырмайтын немесе ұнамайтын танысыңыз барын еске түсіріңіз. Бұл қалыпты жағдай. Сол үшін егер барлық адамға ұнағыңыз келетін ойыңыз болса, одан арылған жөн. Басқалар үшін емес, өзіңіз үшін өмір сүруді бастаңыз. Сіз біреуге ұнамасаңыз, бұл сіздің "жаман" екеніңізді білдірмейді.
Басқалар сіз үшін өзгермейді
Басқа адамды біз қалағандай ету немесе өзгерте аламын деп сену дұрыс емес. Мысалы, ол серігіңіз немесе отбасы мүшесі болуы мүмкін. Өзгеріске деген ұмтылыс бізден емес, адамның өзінен басталуы керек. Өмірдің бұл бөлігін біз бақылай алмаймыз. Біздің қолымыздан келетіні — оған ұнамайтын нәрсені ашық айту. Ал шешім қабылдауды ол адамның өзіне ғана тапсыра аламыз.
Қиын сәтте басқалар сізді қолдай алмауы мүмкін
Қиын сәтте сізге көмекке отбасыңыз немесе достарыңыз келуі мүмкін. Бірақ үнемі оларға сенім артудың қажеті жоқ. Олар да қиын жағдайды бастан кешіріп жатқан болуы немесе басқа да себептермен сізге көмекке келе алмауы мүмкін. Қандай да бір жағдайда олар сізге қол ұшын бере алмаса, оларды түсінуге тырысыңыз. Бұл олар сізді ойламайды дегенді білдірмейді.