Мүгедектігіне байланысты жұмыстан шығару заңды ма?
Мен ІІ топ мүгедегімін. 2009 жылдан бастап мектепте директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет еттім. Биыл жаңа оқу жылы басталғалы мектеп директоры: «Сіздің денсаулығыңыз жұмыс істеуге келмейді, сондықтан өз еркіңізбен жұмыстан кету туралы өтініш жазыңыз, әйтпесе статьямен жұмыстан шығарамын», – дейді. Осы заңды ма?
Жандарбек МАМАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы
Сарапшы мамандардың айтуынша, ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі – кодекс) 54-бабының 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші өз бастамасы бойынша қызметкермен еңбек шартын қызметкердің өзiнiң жұмысын жалғастыруына денсаулық жағдайының кедергi келтiруi салдарынан қызметкер атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген жағдайда өз бастамасы бойынша қызметкермен еңбек шартын бұза алады. Алайда жұмыс беруші осы бап бойынша қызметкермен еңбек шартын бұзуы үшін осы кодекстің 56-бабының 3-тармағына сәйкес, қызметкердің осы жұмысты жалғастыруына кедергі келтіретін денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысымен расталуы тиіс. Яғни жұмыс берушінің сізді өз еркіңізбен жұмыстан босау туралы өтініш жазуға мәжбүрлеуі заңсыз болып табылады. Себебі жұмыс берушіде сізді еңбек шартымен босатуға жоғарыдағы баппен көзделген заңды негіз болса, ол еңбек шартын өз бастамасы бойынша біржақты бұзар еді. Осы орайда, жұмыс берушінің әрекеттерінің заңдылығын анықтау үшін сізге жергілікті жердегі Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне жазбаша шағымдану қажет.