Мүгедектерге жеке көмекші тағайындау
Мүгедектерге жеке көмекші тағайындау және оларға ақы төлеу қалай жүзеге асырылады?
Ержан МҰҚАШЕВ, Атырау облысы
Сарапшы маманның айтуына қарағанда, «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің қызметтері медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімі әзірлеген медициналық көрсетімдері бойынша мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде көрсетіледі. Бұл ретте, бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекші қызметін көрсету және міндетті гигиеналық құралдармен (жөргектермен) қамтамасыз етудің тәртібі жергілікті атқарушы органдармен атқарылады.
Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтеріне ақы төлеу шарттары, оның ішінде жол жүру шығыстары мен басқалары, сондай-ақ жұмыс уақытының есебі, мүгедектерге қызмет көрсету нормативтері мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі шартта ескеріледі.
Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтеріне ақы төлеуді қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың азаматтық қызметшілеріне, қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес жүргізеді.
Бұл мәселе жөнінде Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласып, толық мағлұмат алуыңызға болады.