Металдарды қалай күмістеуге болады?
Күнделікті тұрмыста темір, мырыш, мыстан жасалған бұйымдарды көптеп пайдаланамыз. Осындай бұйымдардан жасалған заттарды күмістеуге болады деп естіп едім. Оны күмістеудің әдістері жайлы айтып бересіздер ме?
Сәуле БЕКТҰРҒАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Жалпы, тұрмыстық химияда түрлі металдар күмістің тұздарымен әрекеттеседі және ол қосылыстардан күмісті таза металл күйінде ығыстырып шығарады. Ол үшін 3 грамм хлорлы күмісті, 3 грамм ас тұзын, 2 грамм борды (ұнтақталған) және 6 грамм поташты араластырып, арнаулы қоспа дайындайды. Күмістейтін металл бұйымдардың беттерін шаң-тозаң мен май таңбаларынан тазалау керек. Содан кейін дайындалған қоспаны шүберекке жағады да онымен металдың бетін ысқылайды. Сумен металл бетін шайып жіберіп, оны жұмсақ шүберекпен тағы да ысқылайды. Сонда барып металл бұйымдарының беті күмістеліп, жылтырай бастайды.