Мемлекеттік рәміздерді қорлағандар қалай жазаланады?
Еліміздің мемлекеттік рәміздерін қорлағандарға заң бойынша қандай жаза белгіленген?
Диар ИСАНБЕКОВ, Алматы
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР Конституциялық заңының 15-бабына сәйкес, бұл заңның талаптарын бұза отырып, ҚР Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін пайдалану, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік Әнұранын орындау және оның мәтінін пайдалану, не ҚР Мемлекеттік рәміздерін қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа әкеліп соғатыны жазылған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Басқару тәртiбiне қарсы қылмыс» деп аталатын 14-тарауының «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын немесе Мемлекеттiк Әнұранын қорлау» деген 317-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын немесе Мемлекеттiк Әнұранын қорлау 200 айлық есептiк көрсеткiштен 1000 айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 354-1-бабы бойынша: 1. Жеке және заңды тұлғалардың ҚР Мемлекеттiк рәміздерін заңсыз пайдалануы ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң 50-ге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеліп соғады.
2. Мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбау ескерту жасауға немесе лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң 50-ге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеліп соғады.