Мемлекеттік қызметке кіру үшін қандай құжаттар керек?
Мен жоғары оқу орнын екі жыл бұрын бітіргем, еңбек өтілім бар. Мемлекеттік қызметке жұмысқа тұру үшін конкурсқа қатысқым келеді. Бұл үшін қандай құжаттар тапсыру керек?
Есенбек МАҚСҰТОВ, Алматы
Конкурс туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру жарияланған сәттен бастап 15 күнтізбелік күні ішінде конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар тиісті мемлекеттік органға хабарландыруда көрсетілген мемлекеттік органның мекенжайына ұсынылады. Конкурсқа қатысқысы келетін азаматтар мемлекеттік органға мына құжаттарды тапсырады: өкілетті орган бекіткен үлгідегі өтініш; өкілетті орган бекіткен үлгіде толтырылған сауалнама, кадрлар есебі жөнінде (нақтылы тұратын мекенжай және телефон, сонымен қатар байланыс мәліметтері) толтырылған жеке парақша; білім жөніндегі құжаттардың көшірмесі, нотариалдық растауы немесе басқа да заңдық тұрғыда бекітілген тәртіпте; еңбек кітапшасының көшірмесі, нотариалдық растауы немесе басқа да заңдық тұрғыда бекітілген тәртіпте; бекітілген үлгідегі денсаулығы туралы анықтама; 3x4 көлемдегі бір фотосурет; Қазақстан Республикасы азаматының жеке бас куәлігінің көшірмесі.
Білімі және жұмыс тәжірибесі, біліктілік дәрежесі және беделі жөніндегі қосымша мәліметтерді беруге болады (біліктілік дәрежесін жетілдіру туралы, ғылыми дәрежелерінің, мінездемелердің, кеңестердің, ғылыми жарияланымдар т.б құжаттардың көшірмесі). Қосымша ақпараттарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сайтынан (www.kyzmet.kz/) алуға болады.